"Ақтөбе қаласының білім бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "№56 жалпы орта білім беретін мектеп" коммуналдық мемлекеттік мекемесі

    Ақтөбе қаласындағы заман талабына сай келбеті мен  білімі ұштасқан «№56 жалпы орта білім беретін мектеп» 10 жыл ішінде өзіндік бағыт-бағдары, жетістігі мен дәстүрі қалыптасқан киелі мекенге айналды.Бұл мектеп – «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтеріп, 2014 жылдың 11 желтоқсанында есігін айқара ашты. Содан бері мыңдаған шәкіртке білімнің нәрін сеуіп, ұлт болашағының қалыптасуына сүбелі үлес қосып келеді.

Бүгінде мектепте қазақ және орыс тілдерінде білім беретін 73 класс-комплект бар. 1918 оқушы білім алып, 170 мұғалім жас ұрпақтың қанатын қатайтып, арманға жетелер жолына жолсерік болуда. Ұжым құрамында  тәжірибелі, атақ-даңқы асқан педагогтермен қатар, ізденімпаз, жаңашыл, креативті жас мамандар да бар. Олар сапалы білім мен тәрбиені басты құндылық ретінде қабылдап, білім беру үдерісінің үздіксіз даму жолында аянбай еңбек етуде.

Мектептің оқу-материалдық базасы — заманауи білім ордасына тән барлық қажеттілікті қамтиды. Мұнда кең спорт залы, 247,6 шаршы метрлік кітапхана мен оқу залы, медиатека,медициналық пункт пен егу бөлмесі,психолог және логопед кабинеттері,IT-кабинет, робототехника залы,Coworking алаңы,бокс және тир залы жертөледе жабдықталған – барлығы оқушының жан-жақты дамуына жол ашады. Сонымен қатар мектепте футбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, шахмат, бокс, робототехника, IT және И. Білтабанов атындағы әскери-патриоттық клуб белсенді жұмыс жасайды. Бұл — спортпен қатар патриоттық рухты қалыптастыратын, тәрбие мен білімнің үйлескен үлгісі.

Мектептің негізгі ұстанымы — заман талабына сай жаңаша ойлайтын, әлемдік білім кеңістігіне бейімделген ұрпақ тәрбиелеу. Осы мақсатта үш тілде білім беру саясаты сәтті жүзеге асырылуда. Қазақ және орыс тілдерінен бөлек, ағылшын тілінде де тереңдетіп оқыту қолға алынған. Атап айтқанда, химия, физика, биология, информатика пәндері ағылшын тілінде оқытылып, мектеп республикалық пилоттық эксперименттерге қатысып келеді.

2018-2019 оқу жылынан бастап мектеп STEM-білім берудің эксперименттік алаңы ретінде жұмыс істей бастады. Жаңа білім саясаты аясында оқушыларға зерттеу, ғылыми-ізденіс, сыни және креативті ойлау, командалық жұмыс дағдыларын дамытуға бағытталған заманауи технологиялар енгізілді.

STEM-элементтердің енгізілуі — оқушылардың тек білім алуына емес, сол білімді өмірлік жағдайларда тиімді қолдана білуіне жол ашатын тың қадам. Бұл — ЕМН пәндерінде ортақ тақырыптарды терең зерттеуге, ғылым мен техниканың тоғысын түсінуге мүмкіндік береді.

     Мектеп мұғалімдері – оқу үдерісін тек жүргізуші ғана емес, оның сапасын үздіксіз жақсартып отыратын жаңашыл тұлғалар. Ұлы философ Конфуций айтқандай, «Оқымай ойлану — бос әурешілік» деген ұстанымды басшылыққа ала отырып, ұстаздар оқу мен оқытуды жүйелі жоспарлап, нәтижеге бағытталған білім беруге ден қоюда.

Бұл еңбектің жарқын нәтижесі — оқушылар мен ұстаздар иеленген жетістіктерден анық көрінеді. «Ұлы дала ұрпақтары» республикалық жоба қорғау байқауында жалпыкомандалық І орынға ие болса,Ғылым негіздері бойынша республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінде ІІ орын алды.,КҒА облыстық, республикалық конференцияларында 24 оқушы жеңімпаз атанды.Түрлі республикалық және халықаралық байқаулар, ғылыми жобалар, спорттық сайыстардан жеңіс тұғырынан көрінген шәкірттер алған кубоктер үлесі мұны дәлелдеп тұрғандай.     

Мектеп жетістіктерінің тағы бір айқын дәлелі — білім беру ұйымдары арасында өткен байқауларда иеленген марапаттар:

«Биіктерге бірге!» облыстық байқауында — «Үздік спорттық жоба»;

Ақтөбе қаласы әкімдігі ұйымдастырған байқауда — «2018 жылдың үздік мектебі»;

Республикалық байқау нәтижесінде — «Орта білім беретін үздік ұйым» (биология кабинеті);

 Қалалық олимпиадада — «Самая умная школа» атағы (Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай ұйымдастырылған «Математика + Логика» байқауы)..

Жаз айларында оқушылардың тиімді демалысын ұйымдастыру мақсатында мектепте дәстүрлі түрде «Атамекен» мектеп жанындағы лагері ұйымдастырылады. Лагерь төрт бағытта — тілдік, математикалық, IT, робототехника бойынша жұмыс жасап, балалардың білімін тереңдетіп, жазғы демалысты пайдалы әрі қызықты өткізуді қамтамасыз етеді.

Ақтөбе қаласындағы «№56 жалпы орта білім беретін мектеп» ұжымы  сындарлы білім беру моделін тиімді ұйымдастырып, әрбір оқушыны қоғам өміріне белсене араласатын, ұлттық құндылықтарды қадірлейтін, заманауи біліммен қаруланған тұлға ретінде қалыптастыруда.

Бүгінгі мектеп – ертеңгі ел тірегі болатын жас ұрпақтың алтын бесігі. Ұрпақтың санасына сәуле шашып, ел болашағына сүбелі үлес қосатын осындай ұжым -мемлекетіміздің ең үлкен капиталы.

Ұстаздардың еңбегі мен шәкірттердің жетістігі еліміздің көк байрағын көкке желбірете берері анық.